«НОБЕЛ Алматы фармацевтикалық фабрикасы». Өткен жылдың негізгі қиындықтары мен нәтижелері

«НОБЕЛ Алматы фармацевтикалық фабрикасы». Өткен жылдың негізгі қиындықтары мен нәтижелері
30.12.2020 Пікірлер: 1

Ең қиын, даулы және құбылмалы 2020 жыл аяқталуға жақын. Ол қиындықтарға толы болды және біздің алдымызда уақыт пен ақпарат тапшылығы жағдайында тиімді шешімдерді талап ететін міндеттер қойылды. Сонымен қатар, экономикамыз үшін де, денсаулық сақтау саласы үшін де күрделі, реформаларға толы, динамикалық онжылдық тарихта қалды. Осы артта қалған кезең бүкіл қазақстандық фармацевтика саласы және оның көшбасшыларының бірі - «НОБЕЛ Алматы фармацевтикалық фабрикасы» үшін қандай болды? Осы және басқа сұрақтар бойынша біз «НОБЕЛ АФФ» бас директоры Сельчук ТАНРЫВЕРДИ мырзаға жүгіндік. (Selçuk Tanrıverdi)

- Басты сұрақ - «НОБЕЛ АФФ» үшін ағымдағы жыл қандай нәтижелермен және жетістіктермен аяқталады? 

- «НОБЕЛ АФФ» компаниясы қазақстандық фармацевтикалық нарықта 19 жылға жуық жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде біз үлкен жетістіктерге жеттік, бұл біздің үлкен мақтанышымыз. Бүгінгі таңда бізде өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкес келетін заманауи фармацевтикалық өндіріс бар. «НОБЕЛ АФФ» компаниясы қазақстандық өндірушілердің рейтингінде үнемі екінші орында келе жатыр және фармацевтикалық нарықтың жалпы көлеміндегі үлесі бойынша үш көшбасшылардың бірі болып табылады. Біз жақсы тепе-теңдікке қол жеткіздік - өндірілетін өнім көлемінің 30% -дан астамы медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде, 30% -дан астамы фармацевтикалық нарықтың бөлшек сауда секторында, яғни дәріханалар арқылы тұтынушыларға жеткізілуде, ал 30% -дан сәл астамы экспортталады. Фармацевтикалық компаниялар арасында «НОБЕЛ АФФ» №1 экспорттаушы болып табылады. Біз экспорттың географиясын жүйелі түрде кеңейтіп жатырмыз, бұл біздің компания шығаратын дәрі-дәрмектердің бәсекеге қабілеттілігінің дәлелі. Өзбекстанға, Моңғолияға, Ресейге және Қырғызстанға жеткізілім жолға қойылды. Жақын уақытта біз Түркияға өнім экспорттауды бастауды жоспарлап отырмыз. Біз «НОБЕЛ АФФ-ын» ТМД-дағы орталық өндіріс хабына айналдыруды көздеп отырмыз.

2020 жыл біздің еліміздің экономикасының барлық салалары үшін қиын жыл болды. Біз бірінші рет бізді дәстүрлі емес тәсілдерді қолдануға мәжбүр қылған әлемдік пандемиямен бетпе-бет қалып, ең маңызды құндылық - адам денсаулығына назар аудардық. Әрине, осындай жағдайда бүкіл әлем бар күш-жігерін науқастарды құтқаруға салған және COVID-19 дертіне қарсы тиімді шешімдер іздеген медицина қызметкерлері мен фармацевтикалық компаниялардың жұмысын үмітпен бақылап отырды.

Жалпы алғанда, қиындықтар туралы айта отырып, осы жылдың басында белгілі бір фармацевтикалық ингредиенттерге сұраныстың артуы аясында оларды жеткізуге шектеулер болғанын атап өтемін. Бұған субстанцияларды шығаратын фабрикалардың қызметін тоқтату, сондай-ақ оларды экспорттауға тыйым салу шаралары себеп болды.

Осыған қарамастан, біз фармацевтикалық өнімдерді өндіруші ретінде біздің еліміздің тұрғындары тек COVID-19 ауруы терапиясында қолданылатын дәрі-дәрмектермен ғана емес, басқа ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектермен де қамтамасыз етілуі үшін барлық күш-жігерімізді жұмсадық.

Сонымен қатар, біз қысқа мерзімде өндірісті құрдық және COVID-19 дертін емдеу үшін жоғары сұранысқа ие бірқатар дәрі-дәрмектерді тіркедік. Олардың арасында антикоагулянт - ривароксабан бар.

- Соңғы 10 жылда қазақстандық фармацевтика саласында қандай өзгерістер болды? Осы саланың дамуында қандай жағдайлар маңызды рөл атқарды? Сіздің ойыңызша, бұрын қабылданған қандай шаралар бұдан да көп жетістіктерге қол жеткізуге көмектеседі?

- Соңғы онжылдықта қазақстандық фармацевтика өнеркәсібі сапаны арттыру үшін ауқымды қайта құру жолынан өтті. 2010 жылы республикада GMP стандарттарына сай келетін бірнеше ғана кәсіпорын бар еді. Сол кезде отандық фармацевтика өнеркәсібі дәрі-дәрмектердің шектеулі түрін ғана шығаратын еді. Әрине, осы жағдаймен ең болмағанда ТОП-10 нарығының көшбасшыларына ғана кіруді армандауға болатын еді. Бірақ бәрі өзгерді. Соңғы 10 жылда саладағы кәсіпорындар алға қарай үлкен қадам жасады және бұған, әрине, мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарды. Бүгінгі таңда өзіңіз ойлап көріңізші, барлық кәсіпорындар GMP стандартына сәйкес келеді, республикада терапевтік тұрғыдан маңызды заманауи дәрі-дәрмектер өндірісі жолға қойылған. Тіпті биотехнологиялық өнімдер де елде өндіріледі. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілер нарықтың көшбасшылары болып табылады. Олардың үлесі заттай есептегенде 40% -ға жетті.

Экспортты қолдау шаралары, өкілдікті ұстауға кететін шығындардың бір бөлігін өтеу және басқа шығындар, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға берілген көмек бұдан да көп жетістіктерге қол жеткізуге көмектесетін еді. Келісімшарттық өндірісті қолдауға бағытталған шаралар да процесті ынталандыруға оң әсерін тигізетін еді.

- 2020 жыл бәрімізге жеке фармацевтикалық индустрияның болуы қаншалықты маңызды екендігін және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрғысынан тәуелсіздікке ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл тұрғыда Қазақстанның болашағы қандай деп ойлайсыз?

- Пандемия аясында дәрі-дәрмектерге үлкен және болжам жасалуы мүмкін бола бермейтін сұраныс болды. Сонымен бірге Қытай мен Үндістанда субстанциялар өндірісінің төмендеуі байқалды. Осыған байланысты өзіміздің фармацевтикалық индустрия мен ғылымды одан әрі дамыту қажеттілігі туралы нақты түсінік пайда болды. Бұл бәріне айқын болды. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілу тәуелсіздігіне апаратын жол, өздеріңіз білетіндей, субстанциялардың, яғни шикізат материалдарының өндірісі арқылы өтеді. Бірақ, әрине, Қазақстан үшін барлық субстанцияларды өндіру мүмкін емес және экономикалық жағынан тиімсіз болып табылады. Тек олардың кейбірінің синтезін құруға болады, тіпті бұл үшін ең болмағанда ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) шеңберінде шикізаттың сатылуын қамтамасыз ету үшін мықты мемлекеттік қолдау мен алдын-ала келісімдер қажет болады.

Осы орайда, тағы бір жетістігімізді ерекше атап өткім келеді - биыл алғашқы фармацевтикалық субстанция біздің кәсіпорында шығарылды. Сонымен қатар, біз ғылыми-зерттеу орталығын (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық) ұйымдастыру бағытында жұмыс істей бастадық, оған біз тек отандық қана емес, сонымен қатар шетелдік мамандарды да тартатын боламыз.

- Осы жылы Қазақстан Республикасы фармацевтика саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Дамудың негізгі бағыттары туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

- Кешенді жоспар фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті қолдау мен дамытудың негізгі бағыттарын ұсынады. Олардың ішінде фармацевтикалық қызметті, ЕАЭО шеңберіндегі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналымын, мемлекеттік қолдау шараларын, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, инвестицияларды тарту, өндірісті кадрлармен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектердің таңбалануы, қадағалануы және отандық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілердің өндіріс күштерінің артуын реттейтін заңнамалық және нормативтік актілер бар. Бүгінгі күні фармацевтикалық нарықтың құрылымы көрсеткендей, бірінші жартыжылдықта нарықта отандық кәсіпорындардың ақшалай көрінісі 17%-ды, заттай - 39%-ды құрайды. Сонымен бірге, Кешенді жоспардың жоспарланған іс-шараларын іске асыру өндірілетін дәрілік заттардың ассортиментін қосымша кеңейтуді көздейді, бұл 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар нарығында отандық өндірушілердің үлесін ақшалай мәнде 17% -дан 30% -ға, ал заттай үлесін 39% -дан 50%-ға көбейтуге мүмкіндік береді.

- Қазақстандық фармацевтика саласы келесі жылы қандай қиындықтарға тап болады деп ойлайсыз? Осы қиындықтардың қайсысы басты болады?

- Негізгі қиындық - бұл пандемия және оның салдары. Биылғы жылы коронавирустық инфекцияға көңіл бөлінді. Адамдар профилактикалық тексеруден өткен жоқ, созылмалы аурулары бар науқастар қажетті тексерулер мен терапиялық процедураларды кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сондықтан, келесі жылы әртүрлі асқынулар түрінде тежелетін әсерлер мен басқа да қиындықтар туындауы мүмкін.

Қазіргі үлкен проблема - бұл бір реттік импорттау рәсімімен импортталатын дәрі-дәрмектердің үлкен көлемі болып тұр. Бұл рәсімдеу түрі дәрі-дәрмектерге деген сұраныс пен олардың тапшылығы болған кезде қажет болған еді. Бірақ импорт осы күнге дейін жалғасуда, бірақ оған қажеттілік жоқ, өйткені азайтылмайтын қорлар қалыптастырылып, тұрақтандыру қорлары құрылды, тұрғындардың үйлерінде дәрі-дәрмектердің қорлары бар. Аталған дәрі-дәрмектер біздің республикада тіркелмеген. Сонымен бірге, олар сапа жағынан, тиімділік пен қауіпсіздіктің барлық талаптарын ескере отырып, нарықта тіркелген және айналымда жүрген дәрі-дәрмектермен бәсекелесіп отыр.

- Дәстүрлі және ең қызықты сұрақ. Алдағы жоспарлар қандай?

- 2021 жылы біз жаңа зауыт салу жобасын бастаймыз, қазір осы жоспарымыз жобаланып жатыр. Оны жүзеге асыруға 55 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Мерзіміне келетін болсақ, халықаралық стандарттар мен тіркеу рәсімдері бойынша аккредиттеуді ескере отырып, шамамен 5 жыл қажет болады. Бұл биосимилярлар мен фармацевтикалық заттарды шығаруды жоспарлап отырған үлкен кәсіпорын болады. Бұл біздің компаниямыздың дамуындағы жаңа кезең болмақ.

***

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен барлық қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылдық мерекелерімен құттықтағым келеді. Жаңа 2021 жыл қарсаңында барлығымыздың қалыпты өмірге тезірек оралуымызға тілектеспін. 

Құрметті қазақстандықтар, босағаларыңыздан бақыт, денсаулық және амандық кетпесін!!!

- Қызықты сұхбат үшін үлкен рахмет. Мен сізге шын жүректен жаңа онжылдықта жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін!!! 

Пікіріңізді қалдырыңыз
және сіз не ойлайтынымызды білетін боламыз!

Барлық сұрақтар немесе ұсыныстар?

Сізге ыңғайлы телефонда бізге хабарласыңыз немесе бізге жазыңыз.

Контактілерді көру

Біздің компанияның таныстырылымын қараңыз

Көріңіз
˄